Публикации

ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ КЕСЕНЕСІ

Рейтинг:   / 0
ПлохоОтлично 

orel

«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің
баршаға ортақ қасиетті жерлері болады,
оны сол халықтың әрбір азаматы
біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты
негіздерінің бірі».
Н.Ә. Назарбаев


   «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы аясында ҚОЖА АХМЕТ ЯССАУИ КЕСЕНЕСІ республикалық деңгейдегі киелі жерлер санатына енгізілді . Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі Орта Азия мен Қазақстандағы теңдессіз тарихи жәдігер. Бұл ғажайып сәулет өнерінің туындысы өз бойына ертеден келе жатқан жергілікті және Шығыс мұсылман құрылыс тәжірибесін жинақтаған бірегей ғимарат. Бұл ғажайып ғимарат Әулиелердің Сұлтаны Құл Қожа Ахмет Яссауиге зор құрмет ретінде, оған деген халықтың шексіз сүйіспеншілігіне орай, Әмір Темірдің бұйрығымен салына бастаған.
    «Мәдинада – Мұхаммед, Түркістанда – Қожа Ахмет...» деп Әзірет Сұлтанды ұлықтаған халқымыздың даналық сөзі Хақ Расулдың сүннетін бекем тұтып, Ислам ақиқатын паш еткен, хақ ілімімен хикмет дәстүрін орнықтырған Яссауи бабамыздың Пайғамбарымызбен рухани жалғастығын, бүкіл мұсылман әлемінің өркендеуіне тың серпіліс берген діни, рухани ықпалын айғақтайды. Хикмет дәстүріндегі Пайғамбарға сүйіспеншілік пен құрметтен бастау алып, ұстазды құрметтеуге ұласатын осы үрдіс даламыздағы мұсылмандық дәстүрдің мызғымас негізі болды.
    Қожа Ахмет Яссауи – шамамен 1040 жылы Сайрам (кейбір деректер бойынша Ясы) қаласында дүниеге келіп, жүз жиырма бес жыл жасаған. Түркі әлеміндегі мұсылмандық дәстүрді орнықтырған ғұлама ұстаз. Қ. А. Яссауи дүниетанымы, оның ілімінің мәні мен маңызы «Диуани хикмет», «Мират-ул Кулуб», «Пақырнама» сияқты бізге жеткен мұраларынан көрінеді.
    Ахметтің арқасында Яссы қаласы – Түркістан – барша түркі елдерінің рухани орталығына айналды.
Кесене 1396-1399 жылдары Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи қабірінің басына тұрғызылған. Көптеген жазба деректерге қарағанда, болашақ құрылыстың жобасын жасауда Әмір Темір тікелей өзі қатысып, негізгі өлшемдерді анықтаған көрінеді. Кесене - үлкен порталды-күмбезді мемориалдық құрылыс. Архитектуралық жергілікті дәстүрді жете меңгерген парсылық шеберлердің жобасы құрылысқа негіз етіп алынған. Кесене оңтүстік-шығыстан солтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Ені - 46,5 м, ұзындығы - 65 м. Күйдірілген шаршы кірпіштен өрілген. Қожа Ахмет Яссауи кесенесі мешіт, медіресе қызметін де атқарған. Кесененің үш қабырғасының үстіңгі жағымен өтетін эпиграфтық фризде Құран Кәрім сүрелері мен аяттары жазылған. Жазулар көгілдір қышпен өрнектелген. Жазулардан «Алла», «Мұхаммед», «О, жарылқаушы», «Билік Аллада», «Алла менің әміршім», «һижраның 800 жылы» деген сөздерді оқуға болады. Бүкіл құрылыстың мағыналық кіндігі - қабірхана ортасында Қожа Ахмет Яссауиге құлпытас қойылған. Қабірхана есігі жұқа темірмен қапталып, оған алтынмен жазулар түсірілген. 16 ғасырдан кесенеде және оның төңірегінде қазақ халқының атақты адамдары (Жолбарыс хан, Есім хан, Абылай хан, Қаз дауысты Қазыбек би, Жәнібек батыр, т.б.) жерлене бастады. 19 ғасырдың алғашқы ширегінде Қоқан билеушілері кесенеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, оның төңірегіне қамал-бекіністер салуды қолға алды. 1864 жылы Түркстан қаласын жаулап алған Ресей отаршылары зеңбірекпен атып, кесененің 11 тұсына зақым келтірді. 19 ғасырдың соңына қарай Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тарихи-мәдени мұра ретінде ғылыми тұрғыдан зерттеле бастады. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Яссауи республикалық мұражайы ашылды. 1989 жылы тамыздың 28-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен «Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы» ұйымдастырылды. Түркия елімен арадағы келісім бойынша жүргізілген ғимаратты қалпына келтіру жұмыстары 2000 жылы аяқталды. 2003 жылы маусымда Парижде өткен ЮНЕСКО-ның 27-ші сессиясында Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дүниежүзілік мәдени мұралар тізіміне енгізілді.

Ә. Аманжолова, Денисов тарихи- өлкетану мұражайының әдіскері

koja ahmet

Счётчик посещении

1413853
Сегодня
Вчера
Эта неделя
Прошлая неделя
Этот месяц
Прошлый месяц
Всего
1238
2389
3627
1394268
40692
57031
1413853
Ваш IP: 3.230.173.249
Время сервера: 2021-04-19 16:10:53
Счетчик joomla