Қорқыт ата – түркі халықтарына ортақ ойшыл, жырау, күйші әрі қобызшы болған тұлға. Қорқыт атаның дүниетанымдық ойлары әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ. «Өлген кісі тірілмес, өткен қайтып келмес», - дейді Қорқыт бабамыз. Иә, өткенді қадірлеуге, одан сабақ алуға болады, бірақ оған қайтып оралу жоқ екен, тек ілгері ұмтылу қажет. Аңыз бойынша Қорқыт бабамыз адамның өлімнен қашып құтылмайтындығы, оның ғұмырын жарық дүниеде бітіріп кеткен жасампаздық ісі мен өшпес өнері ғана жалғастыра алатындығы туралы данышпандық пәлсапалық ойлар қалдырды.korkit ata
   Ал Қорқыт атаның өзі туралы зерттеген ғалым Ә.Марғұлан төмендегідей пікір айтады: «Қорқыт - тарихи дәуірлерде Сырдария өлкесін қоныс еткен оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан қария, ақылшы батагөй, асқан ақын, болашақты болжап сөйлеген сәуегей кісі болған. Ол кісі туралы айтылатын аңыздар Азиядағы түрік тілдес елдердің көбінде бар.
   Қорқыт атаның оның мәңгілік мекен тапқан мазар-күмбезіне бас ию сонау оғыз-қыпшақ заманынан басталады. Қорқыт ата ескерткіш кешені Сырдария өзені жағасында орын тепкен, халық сан ғасырлар бойы қадірлеп келеді. Қорқыт ата күмбезі шамамен ІХ-ХІ ғасырларда салынған.
   Ерекше сәулетімен алыстан менмұндалап тұратын баба кесенесі рухани дүниенің есігі іспетті. Қобыздың үні сарнаған Қорқыт ата кесенесі адамзатқа күймен тірліктің шеңберінен шығуды, әрбір сәттің құнды екенін бағалай білуді еске салып тұрғандай. Қорқыттың мәңгілік өмір дегені де қайталанбас уақытты қадірлеп, келешекке өнер, руханият арқылы өшпес із қалдыру болса керек.
   Әлемге аты мәшһүр Қорқыт ата мемориалды кешені Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы Жосалы кентінің солтүстік-батысындағы 18 шақырым жердегі Қорқыт станциясына жақын табиғи төбе үстінде орналасқан. Коммунистік партияның асқақтап тұрған шағында сол кезеңдегі аудан басшысы Елеу Көшербаев осы кешенді тұрғызуға ерекше ықпал жасаған еді. Соның нәтижесінде кешен құрылысы 1980 жылы архитектор Б.Ә.Ибраев пен физик-акустик С.И.Исатаевтың жобасымен басталған.
   1997 жылы ескерткішті қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, амфитеатр, қылует, қошқар мүсінінен тұратын тұтас сәулеттік ансамбль жасалған. Ал 2000 жылы кешен жанынан Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде Қорқыт ата музейі ашылды. Музей қорында Қорқыт ата туралы материалдармен қамтамасыз етілген 2500-ге жуық экспонат сақталған. Онда Қорқыт ата өмір сүрген дәуірдің тарихы мен мәдениеті жайлы ауқымды мәлімет қоры бар.
   2014 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен Қорқыт ата мемориалды кешеніне көркемдік деңгейі жоғары, тарихи-мифологиялық мән-мазмұны терең, архитектуралық шешімі заманауи талаптарға сай соңғы үлгіде жасалған берік құрылыс материалдарынан қайта жаңғырту жұмыстары (реконструкция) жүргізілді.    Кешеннің аумағы ұлғайтылып, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жасалған. Мұндағы ғимараттар қазіргі заман талабына сай үлкейтілген. Кешендегі басты ескерткіш – қобыз 8 метрден 12,1 метрге биіктеді. Бұл Қорқыт ата кешенінің бүгінгі архитектуралық кесенесін әлемге таныту, оны дүниежүзілік туристік орталыққа айналдыра отырып, әлемнің әр түкпірінен Сыр еліне келген қонақтарға Түркі өркениетін кеңінен насихаттау үшін жасалған өзгерістер болатын.

 

Ә. Аманжолова, Денисов тарихи-
өлкетану мұражайының әдіскері.

Счётчик посещении

1457124
Сегодня
Вчера
Эта неделя
Прошлая неделя
Этот месяц
Прошлый месяц
Всего
3264
2475
7423
1436973
21293
62670
1457124
Ваш IP: 3.238.130.97
Время сервера: 2021-05-11 15:52:49
Счетчик joomla